06 қараша 2025 0 1 2 3 4 5 Нормативтік құжаттар - сапалы білім мен тәрбие негізі Білім беру жүйесінің тиімділігі мен сапасы ең алдымен оның құжаттық негіздерінің дұрыс жүргізілуімен тығыз байланысты. Осы мақсатта Алматы қаласы, Наурызбай ауданы №194 бөбекжай-балабақшасында «Оқу-тәрбие процесінің нормативтік құжаттарын жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар» тақырыбында әдістемелік семинар өтті. Семинардың басты мақсаты - педагогтерді нормативтік құжаттарды жүйелі, нақты және талапқа сай жүргізуге үйрету, оқу-тәрбие процесіндегі құжаттардың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ ресімдеу барысында жиі жіберілетін қателіктердің алдын алу болды. Іс-шараға мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері мен педагогтері қатысты. Балабақша меңгерушісі семинарды ашып, бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беру саласында құжат жүргізудің заманауи тәсілдері мен талаптарына тоқталып, педагогтің кәсіби жауапкершілігі мен тәртіптің маңыздылығын атап өтті. Қатысушыларға оқу-тәрбие процесінде қолданылатын негізгі нормативтік құжаттар тізімімен таныстырып, әр құжаттың мазмұны мен құрылымын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Семинар барысында күнтізбелік жоспар, перспективалық жоспар, бақылау және талдау парақтары, даму карталары секілді маңызды құжаттардың үлгілері көрсетіліп, олардың толтыру ережелері егжей-тегжейлі талқыланды. Педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, құжат жүргізу кезінде жиі кездесетін қиындықтар мен оны шешу жолдары жөнінде пікір алмасты. Әрбір қатысушы өз кәсіби жұмысында пайдалануға болатын пайдалы әдістемелік кеңестер алды. Нормативтік құжаттарды рәсімдеудің бірыңғай талаптары мен заманауи форматтарына назар аударылды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс педагогтің кәсібилігін арттырумен қатар, оқу-тәрбие процесінің сапасын көтеретіні айтылды. Қатысушылар семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырған №194 бөбекжай-балабақшасының ұжымына ризашылықтарын білдіріп, мұндай мазмұнды іс-шаралардың өз кәсіби дамуларына зор ықпал ететінін атап өтті. №194 бөбекжай-балабақшасы ұжымы Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, құжаттық сауаттылықты жетілдіруге және мектепке дейінгі білім беру сапасын көтеруге бағытталған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыруда үнемі алдыңғы қатарда келеді. Голосовать Результаты